Қостанай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің өнімі халықаралық форумда таныстырылды
Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №38 мекемесі Халықаралық әлеуметтік кәсіпкерлер форумына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Казақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің өкілдері қатысқан Халықаралық әлеуметтік кәсіпкерлер форумы өтті. Аталған іс-шара әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, тәжірибе алмасу және осы саладағы өзекті мәселелерді талқылау алаңы болды.
Форумға Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №38 мекеме де қатысты. Мекеме өкілдері сотталғандар еңбегімен дайындалған өнімдерді ұсынып, қатысушылар мен келушілердің зор қызығушылығын тудырды.
Көрмеде мекеме шеберханаларында жасалған тоқыма бұйымдары, жиһаздар, кәдесыйлар және тұрмыстық заттар таныстырылды. Ұсынылған өнімдердің сапасы сотталғандарды еңбекке баулудың нәтижелі жүргізіліп жатқанын, олардың әлеуметтік бейімделуі мен қайта әлеуметтенуіне ерекше мән беріліп отырғанын айқын көрсетті.
Халықаралық форумға қатысу №38 мекемесіне өз жұмысының жетістіктерін паш етуге, шетелдік әлеуметтік кәсіпорындармен тәжірибе алмасуға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Осындай іс-шаралар қылмыстық-атқару жүйесінің өндірістік бөлімшелерін қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді тартуға, әріптестік қарым-қатынастарды дамытуға және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағдарламаларының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.