Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробация қызметінің бір күні: жауапкершілік пен сенімге негізделген еңбек

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты пробация қызметінің күнделікті жұмысы қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту мен сотталған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу ісінде маңызды рөл атқарады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Пробация қызметкерлерінің бір күні — жауапкершілікке толы, күрделі де мазмұнды еңбек. Таңертеңгі жоспарлау жиналысынан кейін инспекторлар есептегі тұлғалармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіп, олардың тұрғылықты мекенжайларына барып, өмір сүру жағдайларымен танысады. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік қолдау көрсету және қоғамға қайта бейімделу бағытында түсіндірме әңгімелер өткізіледі.

Қызмет барысында пробация инспекторлары жергілікті атқарушы органдармен, жұмыспен қамту орталықтарымен, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерімен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл өзара ынтымақтастық сотталған азаматтардың еңбекке орналасуына, отбасымен қарым-қатынасын қалпына келтіруге және өмірге жаңа көзқараспен қарауына ықпал етеді.

Пробация қызметінің негізгі мақсаты – қылмыстық жазаны өтеушілердің түзелуіне, қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау және олардың қайта қылмысқа бармауының алдын алу. Әр күн – адам тағдырымен жұмыс істеудің, түсіністік пен төзімділіктің, кәсіби шеберліктің айғағы.

Пробация қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі – қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі.

- Біздің мақсатымыз – жазасын өтеушілерге жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік беру. Әрбір азаматтың түзеліп, қоғамға бейімделуіне көмек көрсету – пробация қызметінің басты міндеті. Сондықтан біз өз жұмысымызды адам тағдырына деген жауапкершілікпен және сеніммен атқарамыз, - дейді бөлім бастығы Әлібек Алдияров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру