Алматылық тұрғын полицейлерге алғыс білдірді
Алматылық тұрғын полицейлерге алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында жекеменшік балабақшалардың бірінің қызметкері полицияға бопсалау фактісі бойынша жүгінген. Белгілі болғандай, балабақша тәрбиеленушілерінің бірінің әкесі педагогтың әрекетіне көңілі толмай, ол туралы жалған ақпарат тарататынын айтып, одан 20 миллион теңге талап еткен.
Оқиға бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері дереу шара қолданып, жәбірленушіге арызды заң талаптарына сай рәсімдеуге көмек көрсетіп, қажетті дәлелдемелерді жинаған. Нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әйел адам Ішкі істер министрінің Алматы қаласы полиция департаменті бастығының және қалалық прокуратураның атына алғыс хат жолдап, жедел уәкілдер мен тергеушілердің кәсіби және жауапты жұмысына ризашылығын білдірді.
- Олардың үйлесімді әрі принципті қызметінің арқасында азаматтардың құқықтары қорғалып, қоғамның полицияға деген сенімі арта түсуде, – делінген хатта.
Өтініш иесі ерекше алғысын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Әділет Олжабеков пен Айбек Сейдалимовке, Түрксіб аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі Аян Мұсаға, сондай-ақ істі қадағалаған прокуратура өкілдері Диас Абенов пен Рамиль Насибовке білдірді.