Ақтөбе облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Ақтөбе облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері полицияға 4 мыңға жуық отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қоңырау түскен. Оның ішінде шамамен 3 800 жағдай бойынша құқық бұзушыларға қатысты – қамауға алу және қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалар қолданылды.
Полиция жүргізген талдау нәтижесінде мұндай құқық бұзушылықтардың негізгі себептері – өзара келіспеушіліктер, қызғаныш пен алкогольдік ішімдік ішу екені анықталды. Барлық деректерде құқық бұзушылардың басым бөлігі – ер адамдар.
Мысалы 14 қазанда Темір ауданының 47 жастағы тұрғыны мас күйінде әйелімен жанжал шығарып, балағат сөздер айтқан. Ер адам бір жыл ішінде отбасы тыныштығын екінші рет бұзған. Ал 18 қазанда Хромтау ауданында ауыл тұрғыны үйіне ішімдік ішіп келіп, есікті сындырып, азаматтық некедегі жұбайын балағаттаған. Екі жағдайда да агрессорларға қоғамдық жұмыстар түрінде әкімшілік жаза қолданылып, қорғау нұсқамалары шығарылды. Олар полицияның профилактикалық есебіне алынды.
— Отбасында зорлық-зомбылыққа немесе өзге де құқық бұзушылыққа жол берген азамат жазасын өтегеннен кейін де полиция бақылауында болады. Бұл – қорғау нұсқамалары мен құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қою арқылы жүзеге асады. Мұның барлығы ең алдымен жәбірленушінің құқығын қорғауға бағытталған, — деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Әйгерім Көрпешова.
Биылғы жылдың 9 айында өңірде 3 500-ге жуық қорғау нұсқамасы шығарылған. Сонымен қатар сот шешімі негізінде 1 000 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қойылды.
Қорғау нұсқамасы немесе ерекше талаптар белгіленген жағдайда, учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушының үйіне жүйелі түрде барып, екі тараппен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Талаптар бұзылған жағдайда дереу тиісті шаралар қабылданады.
— Тоғыз айда отбасы-тұрмыстық салада қорғау нұсқамасын бұзған 270 және ерекше талаптарды орындамаған 438 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп нақтылады Әйгерім Көрпешова.
Жыл басынан бері өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық негізінде 187 қылмыстық іс тіркелген. Мәселен жуырда Ақтөбе қаласында 36 жастағы ер адам қызғаныш салдарынан әйеліне қол жұмсаған. Ол үйіне мас күйде келіп, жұбайын бірнеше рет ұрып, соның салдарынан Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтармен күресте тек жазалау емес, алдын алу, зардаптарын жою және отбасына қолдау көрсету шараларын қатар атқарып келеді.
— Жыл басынан бері облыста отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 183 адам, оның ішінде 57 әйел мен 126 бала дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Сондай-ақ биыл сот шешімімен екі құқық бұзушыға психологиялық көмек көрсетілді. “Заң мен тәртіп” қағидатын нығайта отырып, отбасы институтын қолдау – біздің басты мақсатымыз, — деп атап өтті полицейлер.