Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана қаласында полиция тоғыз айдың жұмыс қорытындысын шығарды

Астана қаласында полиция тоғыз айдың жұмыс қорытындысын шығарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы полиция департаментінде қызмет бастықтары мен аумақтық бөліністердің басшылары қатысқан кеңес өтіп, онда 2025 жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.

Полицияның қызметі "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жүзеге асырылып келеді. Қолға алынған кешенді шаралардың нәтижесінде елордада бірқатар оң өзгерістер байқалды.

Биылғы жылдың тоғыз айында қаладағы қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға азайған. Барлық санаттағы қылмыстар бойынша тіркелу көрсеткіші де төмендеп отыр.

Жол қозғалысы қауіпсіздігіне назар артты
Сонымен бірге, жол-көлік оқиғаларының саны 25,6%-ға артқан. Осыған байланысты жолдарда, сондай-ақ мектептер мен балабақшалар маңындағы аумақтарда патрульдеу шаралары күшейтілді.

Есірткі қылмысына қарсы күрес
Жыл басынан бері мыңға жуық есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды, оның 300-ге жуығы сату фактісімен байланысты.
Үш ұйымдасқан қылмыстық топ пен бір есірткі зертханасының қызметі әшкереленді. Заңсыз айналымнан 410 келіден астам есірткі заты тәркіленді.

Сонымен қатар есірткі заттарын насихаттайтын мыңнан астам интернет-ресурс бұғаттауға жіберілді.

Интернет-алаяқтық фактілері 13%-ға азайған. Киберқылмыстар саласында 3 200-ден астам құқық бұзушылық ашылып, 800-ден астам заңсыз интернет-ресурс бұғатталды.

Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстардың өсуі алаңдатарлық жағдай. Бұл — ата-аналардың тарапынан жеткіліксіз бақылаудың салдары. Осы себепті 200-ден астам ата-ана бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Кеңесте сөз алған Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев полиция жұмысының негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету екенін атап өтті:

- Жарияланған "Профилактика жылы" аясында қылмыспен күресте заманауи тәсілдерді пайдалана отырып, жұмыс тиімділігін арттыруымыз қажет. Әр қызметкер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға үлес қосуы тиіс, – деді департамент бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру