Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жалған айыппұлдар: алаяқтар жаңа әдіспен әрекет етуде

Киберқылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа тәсілін тапты. Қазіргі уақытта АҚШ пен Ресей қоса алғанда, бүкіл әлемде мобильді құрылғылар пайдаланушылары жол қозғалысы ережесін бұзу туралы хабарлама түрінде жасырылған фишингтік шабуылдардың құрбаны болып жатқан жағдайлар тіркелуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алаяқтар мессенджерлер мен электрондық пошта арқылы жүргізушілердің деректері, автокөлік нөмірлері және "айыппұл төлеу" сілтемесі бар жалған хабарламаларды жаппай таратып жатыр. Алайда бұл – фишингтік сілтеме. Онда банк картасының деректерін енгізгеннен кейін қаскүнемдер азаматтың есепшоттарына толық қол жеткізіп, барлық қаражатын ұрлауы мүмкін. Кей жағдайларда сілтеме құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирусты қамтиды.

СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері еске салады: әкімшілік айыппұл туралы ресми хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келеді және төлем жасау сілтемелерін қамтымайды. Айыппұл туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден – egov.kz порталынан және банктердің мобильдік қосымшаларынан тексеру қажет.

"Айыппұлды төлеу сілтемесі" — бұл алаяқтықтың айқын белгісі. Егер сіз мұндай сілтемеге өтіп, өз деректеріңізді енгізіп қойған болсаңыз, дереу банк картаңызды бұғаттап, банкке және полицияға алаяқтық туралы хабарлаңыз, сондай-ақ құрылғыны вирустарға тексертіңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру