Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан сарбазы әскери мультфильм жасап шықты

Ұлттық ұлан сарбазы әскери мультфильм жасап шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қатаң тәртіп пен нақты күн тәртібі үстемдік ететін әскери өмірдің өзінде де шығармашылыққа орын бар. Соның айқын дәлелі – 5573 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы Айдын Рахымов. Ол Отан алдындағы борышын өтей жүріп, анимация өнері арқылы патриотизм мен достықтың биік үлгісін көрсетіп келеді. Бұл еңбегі 28 қазан – Халықаралық анимация күнімен тұспа-тұс келіп, жастарға рух пен шабыт сыйлауда.

Ақмола облысының тумасы Айдын әскери қызметпен қатар анимациялық фильмдер жасаумен айналысады. Оның шығармаларында әскери өмірдің шынайы болмысы мен сарбаздар арасындағы бауырмалдық ерекше көрініс табады. Жуырда ол "АЛЖИР" музейіне барған сарбаздар туралы алғашқы мультфильмін жарыққа шығарды. Туынды көрермендердің жылы ықыласына бөленіп, жоғары бағасын алды.

Айдын үшін анимация – жай ғана хобби емес, рухани құндылықтар мен отансүйгіштік сезімді дәріптейтін маңызды құрал. Оның шығармашылық бастамасын қаруластары да қолдап, кейіпкерлерді дыбыстауға және жаңа идеялар ұсынуға атсалысады. Ал командирлері сарбаздың бұл талпынысын жоғары бағалап, мұндай шығармашылық жобалар әскери рухты көтеріп, ұжымның бірлігін нығайтатынын атап өтті.

— Мультфильм жасауда мен ең алдымен көріністің көркемдік жағына мән бердім. Заманауи анимациялық және монтаждық бағдарламаларды пайдалану арқылы туындыны көркем әрі шынайы етуге тырыстым. Дегенмен жетілдіретін тұстар әлі де бар, — дейді Айдын Рахымов.

Әскери қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен Айдын осы тепе-теңдікті сақтай біліп, борышын мінсіз атқарумен қатар, бос уақытында өнерге ден қояды.

Айдын Рахымовтың еңбегі – Халықаралық анимация күні қарсаңында жастарға үлгі боларлық игі бастама. Ол патриотизм мен өнерді үйлестіріп, әскери қызметтің жаңа, шабытты қырын айшықтап жүр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру