Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар қол күрестен өзара сынға түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шиелі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Шиелі аудандық прокуратурасының бірлесуімен "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен пробация есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімдеу" мақсатында спорттық шара ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында азаматтар арасында қол күресінен жарыс өтті. Бұл дода – тек күш сынасу емес, сонымен қатар қоғамға бейімделу мен өзара қолдаудың жарқын көрінісіне айналды.
Жарыстың негізгі мақсаты – жаза мерзімін өтеп, қоғамға қайта оралған азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, спорт арқылы олардың өмірге деген сенімін нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Бәсеке қызу әрі тартысты өтті. Қатысушылар өз шеберліктерін, төзімділіктерін танытып, белсенділік көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар арнайы алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында қатысушылардың бірі, пробация есебінде тұрған азамат өз әсерімен бөлісті:
- Мұндай іс-шаралар бізге үлкен мотивация береді. Түрмеден босап шыққаннан кейін қоғамға бейімделу оңай емес. Осындай спорттық жарыстар арқылы өзімізге деген сенімділігіміз артып, жаңа адамдармен танысып, өмірімізді дұрыс бағытқа бұруға мүмкіндік аламыз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау бізге жаңа өмір бастауға үміт сыйлайды, — деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай әлеуметтік және спорттық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.