Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бокс алаңынан полиция қатарына: Дәулет Дәукеновтың еңбек жолы

Polisia.kz сайты ел тыныштығын қорғаумен қатар спорт алаңында да үздіктер қатарынан көрініп жүрген тәртіп сақшысы жайлы ақпарат ұсынады.

Әр адамның жүрегінде арман бар – бірі оны уақыт өте ұмытады, енді бірі өмірінің мәніне айналдырады.

Дәулет Дәукенов – мақсатқа жету жолында қайсарлық пен табандылықтың үлгісі. Оның өмір жолы – сенім мен еңбектің, бала кездегі шабыттың өмірлік мамандыққа айналғанының көрінісі.

Дәулет Дәукенов 1993 жылы Ақмола облысы Егіндікөл ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Спорт оның өміріне ерте енді – тоғыз жасынан бастап боксқа қызығушылық танытып, бұл әуестік біртіндеп үлкен құмарлық пен өмірлік жолға айналды. Жетінші сыныпта ол дарынды балаларға арналған спорт интернатына түсіп, табанды жаттығулар мен жарыстар оның бойында нағыз спортшы мінезін қалыптастырды.

Мектепті тәмамдаған соң, Дәулет С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің экономика факультетін бітірді. Кейін Ыбырай Алтынсарин атындағы институтта "Дене мәдениеті" мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. Білім саласы әртүрлі болғанымен, спортқа деген сүйіспеншілік пен бокста өзін жетілдіруге деген талпыныс оның өмірінің басты бағыты болып қала берді.

Балалық шағынан-ақ Дәулет полицияда қызмет етуді армандады. Анасы ішкі істер органдарында аға медбике болып жұмыс істеген, ал ол анасына келген сайын формалы қызметкерлерге қызыға қарап, бір күні өзі де елге қызмет етемін деп серт берген.

Бүгінде бұл арман шындыққа айналды. Дәулет Дәукенов полицияда жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы лауазымында қызмет етеді, полицияның аға лейтенанты шеніне ие. Ол қызмет пен кәсіби спортты қатар алып жүру оңай еместігін айтады, бірақ дәл осы қиындық оны шыңдап, мықты етеді.

Оның айтуынша, арнайы бөлімде жұмыс істеу үнемі жоғары физикалық дайындықты талап етеді, ал күнделікті жаттығулар кез келген сынаққа дайын болуға көмектеседі. Қызмет пен спорт бірін-бірі толықтырады. Бірі денені шыңдаса, екіншісі рухты күшейтеді, – дейді тәртіп сақшысы.

Дәулеттің спорттық жетістіктері де айрықша. Ол WBA бойынша Азия чемпионы, Чехияның халықаралық титулының иегері және WBL  бойынша құрлықаралық чемпион. Әр атақ – қажырлы еңбектің, жігердің және жылдар бойғы адалдықтың жемісі.

Қызмет пен рингтен тыс уақытта ол қарапайым да ашық мінезді адам. Бос уақытында балық аулаумен және футболмен айналысады.

Отбасы да оның өмірінде ерекше орын алады. Дәулет – сүйікті жар және төрт баланың әкесі. Оның айтуынша жанұясы – ең үлкен мотивациясы. Балаларына спортта да, қызметте де, өмірде де үлгі болғысы келетінін жасырмады.

Дәулет Дәукенов екі арманын қатар орындады – елге қызмет етіп, кәсіби бокс әлемінде табысқа жетті. Оның өмір жолы – табандылық пен еңбектің, өзіне деген сенімнің арқасында адам өмірдің кез келген саласында биік белестерге жетудің жарқын дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру