Камбоджада құтқарылған тағдыр: қазақ полицейінің халықаралық миссиясы
ҚР ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының қызметі туралы бұл күнде біреу білсе, біреу біле бермейді. Көпшілікке қызметі беймәлім бұл құрылым елімізде қылмыс жасап, шетелге бой тасалаған қашқындарды іздеумен, сондай-ақ бөтен елде із-түссіз жоғалған, тіпті адам саудасының құрбаны болған азаматтарға араша түсіп, оларды аман-есен елге қайтару ісімен айналысады. Бұл қызметтің ерекшелігі – мұнда бірнеше тілді меңгерген, көпшіл әрі дипломат жандар жұмыс істейді. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген сақшылардың бірі – Интерпол ұлттық орталық бюросының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрғали Әзмұханов. Polisia.kz сайты Қазақстан полициясы күні қарсаңында осынау жауапты қызмет иесімен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.
Бүгінде Интерпол ұйымы халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, трансұлттық қылмысқа қарсы күресті үйлестіруде маңызды рөл атқарады. Бұл салада 10 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Нұрғали Әзмұханов жүгі ауыр бұл қызметте кейде шыбын жанын шүберекке түйіп, тәуекелге баруға тура келетінін айтады. Тәртіп сақшысы былтыр Камбоджада адам саудасының құрбаны болған қазақстандық азаматшаны құтқару операциясына жетекшілік еткен. Талай оқиғаның сырына қаныққан полиция подполковнигі әңгімесін осы бір күрделі операция туралы айтудан бастады.
– Қазақстан азаматы Telegram арнасында бейтаныс қызбен танысқан. Жаңа танысы Камбоджа қаласында ай сайын қомақты қаражат төлейтін жұмыс тауып беретінін уәде еткен. Оған қоса шет елге ұшақ билетінің ақшасын, тіпті қонақүйін өзі көтеретінін айтып сендірген. Сөйтіп қыз әлгінің сөзіне сеніп, Камбоджаға ұшып келген бетте, қаскөйлер оның телефоны мен төлқұжатын күштеп тартып алған. Отандасымызды адам аяғы баспайтын, тікенді сымдармен қоршалған, қарулы күзет күзететін жабық орталықта қамап ұстаған. Қыз анда-санда әлдекімдердің телефоны арқылы анасымен байланысқа шығып, мән-жайды хабарлап отырған. Сөйтіп ол қыз маған шықты. Оның айтуынша, әлгі жерде қызды алаяқтықпен айналысатын скам-центрде жұмыс істеуге не болмаса жезөкшелік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Егер бұған көнбесе, адам саудасының құрбанына айналатынын ескерткен. Бұған қарсылық танытқан қызды қылмыскерлер тамақ пен судан қағып, түрлі қысым көрсеткен. Жеті күн бойы қыздың нақты орналасқан жерін анықтау үшін іздестіру жұмысы жүргізілді. Соңғы рет қыз өзін өлтіретінін, тіпті адам ағзаларын заңсыз саудалау мақсатында сатып жіберетінін жеткізді. Сол сәтте шұғыл әрекет ету керектігін түсініп, дереу жоспар құрдық. Жұрт қалың ұйқыға кеткен сәтті күтіп, таңғы 3-4 шамасында қызды заңсыз ұстап отырған жерге арнайы жасақ жауынгерлерімен басып кірдік. Камбоджадағы әріптестермен, жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жедел түрде операция жоспарлап, қызды аман-есен Қазақстанға қайтардық, – деді полиция подполковнигі.
Атамекеніне дін аман оралған қыз көз жасына ерік беріп, туған жерінің топырағын сүйіп, анасымен сағыныса қауышқан. Құтқару операциясында көрсеткен батырлығы мен жанқиярлығы үшін Нұрғали "Жауынгерлік ерлігі үшін" мемлекеттік наградасымен марапатталды. Полиция подполковнигі одан бөлек, Атырауда бүтін бір отбасының төрт бірдей адамын өлтірді деген күдікке ілініп, ұзақ уақыт бойы шетелде жасырынып жүрген күдіктіні тауып, оны елге қайтаруға атсалысқан. Күдіктінің Индонезияда жүргенін білген бойда жергілікті әріптестеріне тапсырма беріп, оның елге жеткізілуін қамтамасыз етті. Қызметін адал атқарып жүрген тәртіп сақшысы жуырда ғана Бахрейн аумағында адам саудасының құрбаны болған тағы бір Қазақстан азаматын құтқару бойынша жұмыстар жүргізіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Талай оқиғаның сырына қаныққан тәжірибелі офицер шетелге жұмыс іздеп шығатын жастарға ерекше сақ болуға кеңес береді.

– Осы орайда шетелге жұмыс іздеп шығатын жастарға айтарым – кез келген ұсынысқа бірден сене бермеңіздер. Жұмыс беруші туралы ақпаратты, компанияның ресми ресурстарын, пікірлер мен жұмыс шартын мұқият тексеріңіздер. Тым жоғары жалақы немесе тым тартымды уәделерге сақтықпен қараған жөн. Барлық мәліметті жан-жақты тексеріп, қауіпсіздігіңізге көз жеткізгеннен кейін ғана шетелге жұмысқа шығу туралы шешім қабылдаған дұрыс. Қазақта "сақтансаң, сақтармын" деген жақсы сөз бар. Сондықтан әрқашан сақтық танытып, өз қауіпсіздіктеріңізді бірінші орынға қойған жөн, – деп түйіндеді полиция қызметкері.
Тіл білгеннің тынысы кең
Нұрғали Әзмұханов 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ақ халатты абзал жандардың отбасында өскен оның жақындары дәрігер болуын қалаған. Алайда жастайынан құқық қорғау саласына қызыққан Нұрғалидың арманы мүлде бөлек еді. Ол бала күнінен-ақ әскери саланың қызметкері болып, ел қауіпсіздігі жолында еңбек етуді мақсат тұтқан. Нұрғалидың кәсіби жетістіктерінің бір сыры – білім мен ізденісте. Алматыдағы әскери мектепте білім алған кейіпкеріміз қаладағы Қазақ гуманитарлық заң университетін үздік дипломмен тәмамдап, оқуын Францияда жалғастырды. Магистратура мен аспирантураны алпауыт елдің атақты университетінде оқыған ол халықаралық құқық қорғау саласының қыр-сырын меңгерді. Талабы таудай жігіт бүгінде ана тілімен қатар орыс, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Полиглот полицей енді қытай тілін меңгеруді қолға алған.

– Интерполдың штаб-пәтері Францияда орналасқандықтан, жоғары білімімді сол елде алуды мақсат еттім. Францияда оқып жүріп, ағылшын және француз тілдерін жетік меңгердім. Қазір қызмет барысында екі тілді де еркін пайдаланамын. Ал қытайлық әріптестермен байланыс артып келе жатқандықтан, қазір қытай тілін де үйреніп жатырмын. Сондай-ақ Францияда оқып жүрген кезімде француз полициясында тоғыз айлық тағылымдамадан өттім. Бұл тәжірибе болашақта Интерпол жүйесінде қызмет атқаруыма және халықаралық құқық қорғау саласында кәсіби тәжірибе жинауыма үлкен мүмкіндік берді, – дейді Нұрғали Әзмұханов.
Шетелде білім алып, елге оралған Нұрғали бала күнгі мақсатынан айнымай, 2011 жылы ішкі істер органдарына қабылданып, еңбек жолын Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасында тергеуші қызметінен бастады. Жас маман түрлі санаттағы қылмыстық істерді тергеп, кәсіби тәжірибесін шыңдады. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында кейін полиция департаменті сапында қызмет атқарып, маңызды міндеттерді орындады. Бірнеше жыл ІІМ штабында халықаралық ынтымақтастық бағыты бойынша инспектор болып еңбек етіп, шетелдік әріптестермен өзара байланыс орнатуға үлес қосты. Ал 2016 жылы Интерпол ұлттық орталық бюросына ауысып, содан бері халықаралық қылмысқа қарсы күресте еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Бүгінде қызмет барысында әлемнің көптеген еліне сапар шегіп жүрген тәртіп сақшысы түрлі конференциялар мен семинарларға тұрақты қатысып, шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнатады. Жуырда Қытайда болған іссапары кезінде қытайлық мамандар қазақ полицейлерінің бірнеше тілде еркін сөйлейтініне ерекше таңданыс білдірген.
– Шетелге шыққанда француз тілінде сөйлейтін адамдарды көп кездестіремін. Қытайға барғанымда, сол жақтағы әріптестер қазақтардың бірнеше тілді жетік білетініне таңғалғандарын жасырмады. Франциядағы Бас хатшылықта да біздің француз тілінде еркін сөйлейтінімізге таңырқай қарайды. Сондықтан тілдерді білу мен үшін білім ғана емес, кәсіби қызметтің маңызды бөлігі десем де болады, – дейді кейіпкеріміз.
Нұрғали Әзмұханов қызметте антына адал қызметкер болса, отбасында үш қыздың қамқор әкесі. Ол бос уақытын балаларымен өткізіп, олардың білім алуына ерекше көңіл бөледі. Үлкен қызына ағылшын тілін үйретумен айналысса, кіші қыздарына әріптерді көркем жазуға көмектеседі. Домбыра шертіп, фортепианода ойнағанды ұнатады. Тәртіп сақшысы жиған білімі мен мол тәжірибесін қоғам қауіпсіздігіне арнап келеді. Қылмыстың алдын алып, заң бұзушыларды құрықтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшысы халықтың тыныштығы мен елдің қауіпсіздігі үшін қызмет етуді өзінің азаматтық парызы санайды.
Толқын ҚАЛАБАЙ,
суреттерді түсірген Қуанышбек ДҮЙСЕНБЕКОВ
