Абай облысында ақпараттық-түсіндіру тобы "Заң керуені" жобасы аясында тұрғындармен жүздесті
Абай облысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған "Заң керуені" жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Абай облысының Ішкі саясат басқармасы жүзеге асырып отырған бастама аясында ақпараттық-түсіндіру тобы Жарма, Аягөз, Көкпекті және Ақсуат аудандарының елдімекендерін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жоба аясында құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелер мен салалық ұйымдардың өкілдері халықпен ашық форматта жүздесіп, құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар мен құқықтық кеңестер алды.
Жарма ауданында ақпараттық-түсіндіру кездесулері Шар қаласы мен Қалбатау ауылында ұйымдастырылса, Аягөз ауданында топ мүшелері Аягөз қаласы мен Майлин ауылының тұрғындарымен жүздесті. Іс-шараларға әлеуметтік сала қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты.
Сонымен қатар жоба Көкпекті және Ақсуат аудандарында жалғасып, Үлкенбөкен, Преображенка, Көкпекті, Көкжыра, Екпін және Ақсуат ауылдарының тұрғындарын қамтыды. Кездесулер барысында азаматтарға қолданыстағы заңнамадағы өзгерістер түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды ақпараттар ұсынылды.
"Заң керуені" жобасы халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, тұрғындарға қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде өңірде өз жалғасын табуда.
