Жетісу облысында полицейлер киберқауіпсіздік жайлы студенттермен кездесу өткізді
Жетісу облысында полицейлер киберқауіпсіздік жайлы студенттермен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда Жетісу облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен қалалық полиция басқармасы бірлесіп, Жетісу әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің 1–2 курс студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру және кибергигиена дағдыларын дамыту.
Полицейлер студенттерге интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы айтып, өздерін және жақындарын желідегі алдаудан қалай қорғауға болатынын түсіндірді. Кездесуде дроппер болудың салдарына тоқталды. Құқық қорғаушылар банк картасын жалға беру секілді зиянсыз көрінетін ұсыныстардың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Шара барысында қатысушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, күмәнді жағдай туындаған кезде хабарласуға болатын байланыс нөмірлері мен пайдалы ақпарат жазылған жадынамалар таратылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың цифрлық мәдениетін қалыптастыруға және кәмелетке толмағандардың заңсыз схемаларға тартылуының алдын алуға ықпал етеді.
Полиция азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және интернеттегі қауіпсіздік әрқайсымыздан басталатынын естен шығармауды ескертеді.
						