Полиция отбасыдағы зорлық-зомбылықтың жауапкершілікке әкелетінін ескертеді
Полиция отбасыдағы зорлық-зомбылықтың жауапкершілікке әкелетінін ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылған. Мұндай әрекеттер үшін қатаң жауапкершілікке тарту көзделген.
Жыл басынан бері Абай облысында ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактілері бойынша 11 адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, 53 адамға қатысты сот үкімдері шығарылды.
Тамыз айында Семей қаласының 46-жасар тұрғыны өз жұбайына мас күйде балағат сөздер айтып, отбасында жанжал шығарып, ас бөлмесінде еш себепсіз ұрып-соғып, дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, 40 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар сот оның маскүнемдіктен ерікті түрде емделуін міндеттеді.
Өкінішке қарай мұндай құқық бұзушылықтар көбінесе отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында орын алады. Жақын адамға қол көтеру – бұл тек эмоция немесе ұрыс-керіс емес, заңға қайшы әрекет. Отбасы – адамның ең сенімді әрі жылы ортасы. Егер дәл осы ортада зорлық-зомбылық орын алса, ол тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығына нұқсан келтіреді.
Полицияның басты міндеті – құқық бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету, кінәлілерді жауапқа тарту және мұндай оқиғалардың алдын алу. Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты. Отбасында сыйластық пен татулық орнаса, қоғамымыз да берік әрі тұрақты болады
