Шенді ару Айнұр Ақжігітованың жетістігі
Қызмет пен спортты қатар алып жүрген полицей ару жайлы Polisia.kz. сайтынан оқыңыз.
Түркістан облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағындағы әрбір қызметкер өзінің қырағылы мен жұмысқа деген жауапкершілігі бойынша ерекшеленеді. Олар дене шынықтыру даярлығымен және жауынгерлік күрес тәсілдерімен, атыс даярлығымен күнделікті шұғылданып, әркез жауынгерлік әзірлікте жүреді. Оған қоса спортты серік етіп, әлемді бағындырған, тіптен күш-қайратымен рекорд орнатқандар да осы саланың қызметкерлері.
Оған дәлел – Түркістан облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Айнұр Ақжігітова. 15 жылдан бері спортпен үздіксіз айналысып жүрген погон таққан ару жарыстардан туған жеріне жүлдесіз қайтпаған. Оның жеңіске деген жігеріне ел сүйсінеді.
Батырлығы мен батылдығы бір бойынан табылатын Айнұр 2020 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Қызмет пен спортты ұштастыра алған погонды ару самбодан, жауынгерлік самбодан, белбеу күресінен және қазақ күресінен спорт шебері атанған. Айнұр осы жылы да жеңісті ешкімге бермеді.
2025 жылғы 7-17 тамыз аралығында Қытайда өткен Дүниежүзілік ойындарында әлемнің 114 елінен келген 3 962 атлет 34 спорт түрінен 256 медаль жиынтығын сарапқа салды. Чэнду қаласында төрт жылда бір мәрте өтетін халықаралық додада Айнұр өте сәтті өнер көрсетіп, жауынгерлік самбодан соңғы секундтарда жеңісті жұлып алды.
Байрақты бәсекеде Қазақстан полициясының атын шығарып, үздік өнер көрсеткен Айнұр Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Бұл кез келген жанға бұйыра бермейтін бақ. Полицей қыздың бұл жетісіктері және қызмет пен спортты қатар алып жүруі басқа да әріптестеріне үлгі болары сөзсіз.
