Қостанай облысында бизнес өкілдеріне нысандардың антитеррорлық қорғалуы үшін жауапкершілік еске салынды
Қостанай облысында бизнес өкілдеріне нысандардың антитеррорлық қорғалуы үшін жауапкершілік еске салынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қауіпсіздікке салғырт қараудың салдары ауыр болуы мүмкін. Жарылғыш заттар, күдік тудыратын құрылғылар, істен шыққан дабыл жүйелері мен бейнебақылау камералары — мұның бәрі қайғылы оқиғаларға жол ашуы ықтимал.
Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Қостанай облысында терроризм тұрғысынан осал нысандардың басшыларымен және бизнес өкілдерімен кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараны полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық ҰҚКД антитеррорлық орталығы ұйымдастырды.
Басты мақсат — тексеру жүргізу ғана емес, нысандар мен ондағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын үйрету болды.
Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Амангелді Бапинов жиын барысында Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық нормаларын түсіндіріп өтті. Ол "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңның 10-3-бабында көзделген талаптарға ерекше назар аударды.
– Терроризм тұрғысынан осал нысандардың әрқайсысында антитеррорлық қорғалу паспорты болуы тиіс. Өткізу режимі сақталып, инженерлік-техникалық күзет құралдары орнатылуы, ал қызметкерлер төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібін меңгеруі қажет, – деді Амангелді Бапинов.
Офицер өз сөзінде тексерулер кезінде жиі анықталатын кемшіліктерді де атап өтті:
бейнебақылау жүйесінің істен шығуы;
дабыл беру құрылғыларының жұмыс істемеуі;
қауіпсіздік паспорттарының болмауы;
нұсқаулықтардың тек формалды түрде өткізілуі.
– Осындай ұсақ көрінетін кемшіліктер үлкен қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Қауіпсіздік – формалдылық емес, жүйелі түрде атқарылуы тиіс күнделікті жұмыс, – деп атап өтті полиция қызметкері
Облыстық ҰҚКД антитеррорлық орталығының өкілі Эльмира Шегибаева қатысушыларға террорлық қауіп туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді.
– Күдік тудыратын заттарға қол тигізуге немесе оларды жылжытуға болмайды. Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – дереу полицияға хабарлау. Есіңізде болсын, жарылғыш заттарды залалсыздандыру тек арнайы мамандардың құзырында, – деді ол.
Жыл басынан бері өңірде терроризм тұрғысынан осал 315 нысан тексерілді. Тексеру нәтижесінде көптеген кәсіпорындарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Алайда барлық мекемелер заң талаптарын орындап отырған жоқ – 37 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 11,7 миллион теңге айыппұл салынды.
Құқық қорғау органдары атап өткендей, терроризмнен қорғау – тек мемлекеттің емес, сонымен қатар бизнес құрылымдар мен қоғамның да ортақ міндеті.
Әрбір басшы өз шешімі мен әрекетінің қызметкерлердің ғана емес, жүздеген адамның өміріне әсер ететінін түсінуі тиіс. Қауіпсіздік – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.
