Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

ШҚО-ның Марқакөл ауылында алғашқы "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауылында жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіп пен құқықтық мәдениетке баулуға бағытталған алғашқы "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға ШҚО полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Раджан Карикпаев, Марқакөл аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Аслан Мұратпеков, аудандық білім бөлімінің өкілдері мен оқушылардың ата-аналары қатысты.

Жаңа кадет сыныбына Марқакөл ауылдық полиция бөлімін басқарған, қазіргі таңда ардагерлердің тәлімгері болып жүрген Нұрмұхамбет Сәріповтің есімі берілді. Оның өнегелі өмір жолы мен ел алдындағы адал қызметі жас буынға үлгі болып, оларды ерлікке және жауапкершілікке тәрбиелейді.

Кадет қатарына қабылданған 7 "А" сыныбының 14 оқушысы "Жас сақшы" бағдарламасы аясында тәртіп пен патриотизм рухында білім алып, елінің қауіпсіздігі мен болашағына өз үлесін қосатын саналы азамат болып қалыптасады.

Салтанатты рәсім барысында полиция подполковнигі Раджан Карикпаев жас кадеттерді құттықтап, былай деді:

- Бұл бастама — сіздердің бойларыңызға тәртіптілік, патриотизм және Отанға адал қызмет ету рухын дарытатын маңызды қадам. Білім мен тәрбиеде табыс, мықты денсаулық және жарқын болашақ тілеймін! - деді ол.

Мерекелік шара жас буынға өз міндетін адал атқарып, ел мүддесін қорғауға дайын нағыз патриот болуға ынталандыратын әсерлі оқиғаға айналды. Кадеттердің ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлес қосатын жауапты азамат болып өсетініне зор сенім білдірілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру