Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД сотталғандарға "Люшер" тестін өткізді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД сотталғандарға "Люшер" тестін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде мекеме психологы Ақгүл Аманова сотталғандардың психоэмоционалдық жағдайын анықтау және олардың ішкі көңіл күйін бағалау мақсатында Макс Люшердің түс таңдау тестін өткізді.
Люшер тесті — адамның түстерге деген бейсаналық таңдауы арқылы оның эмоционалды жағдайын, мінез ерекшелігін және ішкі психологиялық күйін анықтауға арналған әдістеме. Бұл тест психологиялық диагностикада кеңінен қолданылады және тұлғаның сол сәттегі психикалық тепе-теңдігін айқындауға мүмкіндік береді.
– Люшер тесті адамның түстерге деген таңдауы арқылы оның ішкі жан дүниесін, эмоционалды күйін және мінез тұрақтылығын тануға көмектеседі. Біз осы нәтижелер негізінде әр сотталғанға жеке психологиялық көмек көрсетіп, түзету және бейімдеу жұмыстарын жүргіземіз, — деп атап өтті Ақгүл Аманова.
Тестке қатысқан сотталғандар өз әсерлерімен бөлісті.
– Мұндай тесттен алғаш рет өттім. Түстерді таңдау арқылы өзімнің ішкі көңіл-күйім мен ойларымды түсінуге мүмкіндік алдым. Психологтың кеңестері маған өзімді жақсырақ тануға көмектесті.Отбасымды ойлап, көңіл күйім түскен кезде психолог маманның көмегіне жүгініп, ақыл кеңес сұраймын, — деді сотталған азамат.
Мекемеде психологиялық көмек көрсету және тұлғалық диагностика шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай жұмыстар сотталғандардың мінез-құлқын түзетуге, эмоциялық тұрақтылығын арттыруға және болашақта қоғамға бейімделуіне бағытталған.
