Ювеналды полиция инспекторының бір күні
Полиция капитаны Фариза Бақытжанова бес жылдан астам уақыт бойы Ақтөбе қаласында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытында қызмет атқарып келеді. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Мамандық таңдауы кездейсоқ болмаған. Фариза бала кезінен әкесін полиция формасында көріп өскен. Әкесі – ішкі істер органдарының ардагері, Ақтөбедегі №1 қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары лауазымында қызмет етіп, зейнетке шыққан Ержан Кубланов. Қызының осы салаға келгенін естігенде, алаңдағанымен, әкелік мейіріммен батасын берген. "Қызым, жұмысыңа жауапкершілікпен қара, өз ісіңді сүй", – деген сөздері Фариза Ержанқызының өмірлік ұстанымына айналды.

Қостанай академиясын тәмамдаған соң, жас маман еңбек жолын Ақтөбедегі №2 қалалық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып бастады. Балалармен тез тіл табысып, олардың сеніміне ие бола білген.
— 2020 жылы мені №1 мектепке инспектор ретінде бекітті. Сол кезде 7-сынып оқушысы жиі сабақтан қалатынын байқадым. Кейін білдім: анасы қайтыс болған, әкесі жоқ, әжесімен бірге тұрады екен. Үйіне барып, екеуімен сөйлестім. Бала көңілінде жара бар екенін түсіндім. Жиі кездесіп, әңгімелесіп жүрдім. Біраз уақыттан кейін сабақтан қалуды қойып, үлгерімі де жақсарды, – дейді Фариза Ержанқызы.
Ювеналдық инспектордың айтуынша, оның басты міндеті – жазалау емес, баланың теріс әрекетіне әсер еткен себепті анықтап, оны жою.
— Әрбір шешімнің артында ең қымбат қазына – бала тағдыры тұр. Сондықтан инспектор заңның ғана емес, жүректің де өкілі болуы керек, – дейді ол.
Фариза Бақытжанованың қызмет жолында ерекше есте қалған кезең – есту қабілеті нашар балаларға арналған мектептегі жұмысы. Алғашында балалар полиция формасынан сескенсе, уақыт өте келе инспекторды жылы қабылдайтын болған.
— Бірі қолымнан ұстаса, енді бірі қуана құшақтайды. Осындай сәттерде олардың сенімін сезіну – ең үлкен марапат, – дейді инспектор.
Маманның айтуынша, жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруы көбіне отбасындағы жағдай мен ортасына байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, бұзақылық немесе ұрлық сияқты әрекеттерге көбіне толық емес немесе қолайсыз отбасылардың балалары барады. Ал жиі кездесетін құқық бұзушылықтар – түнде ересектердің бақылауынсыз жүру, төбелес, қорқытып алу және бұзақылық.
— Жасөспірім шақ – ең албырт кезең. Бала өз ісінің зардабын толық түсінбейді. Біреуінің әрекеті сүйіктісіне сыйлық жасағысы келгеннен, енді бірінікі – ата-анасына салмақ салмай ақша табу ниетінен туындайды. Бірақ бұл әрекеттер, керісінше, ата-анасына ауыр жүк артады. Біз мұны түсіндіргенде ғана олар өкінеді, – дейді полиция капитаны.
Кейде ашуға беріліп, үйден кетіп қалатын балалардың жағдайымен де айналысуға тура келеді. Әсіресе, өтпелі кезеңдегі қыз балалар арасында мұндай оқиғалар жиі кездеседі.
— Себептері түрлі – қыдыруға рұқсат бермеген, телефонды алып қойған, достарымен кездеспеуге тыйым салған. Мұндайда біз оларды тауып, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Ата-анамен де, баламен де жеке сөйлесеміз, – дейді Фариза Бақытжанова.
Инспектордың тәжірибесінде түзелген балалардың тағдыры – ең үлкен қуаныш. Ол өткен жылы үйінен бірнеше рет қашқан жасөспірім қызды мысалға келтіреді.
— Анасы – жалғызбасты. Қызы бірнеше рет үйден кетіп қалып, анасын әбден уайымдатты. Түсіндіру жұмыстары арқылы олардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге тырыстық. Уақыт өте келе үйден кету тоқтады. Қазір екеуі жақсы қарым-қатынаста, – дейді ол.
Бүгінде полиция капитаны Фариза Бақытжанова Ақтөбедегі бірнеше мектеп пен бір колледждің ювеналдық инспекторы ретінде балалардың қауіпсіздігіне жауапты. Өз ісін сүйетін маманның басты ұстанымы – әр баланы ағаттықтан сақтау, өмір жолында дұрыс бағытқа бағыттау.
— Баламен жұмыс – бұл жай ғана қызмет емес, бұл – болашақ алдындағы жауапкершілік. Балаға дер кезінде қолдау көрсету – үлкендердің ең маңызды міндеті, – дейді инспектор.
