Биыл СҚО-да мыңнан астам мас жүргізуші жауапқа тартылды
Биыл СҚО-да мыңнан астам мас жүргізуші жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің саны 5,8% азайғанын атап өтті. Дегенмен бұл көрсеткіш әлі де алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Биылғы 10 айдың ішінде осындай құқық бұзушылық үшін 1034 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған (өткен жылдың осы кезеңінде — 1098 адам).
Республикалық "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" аясындағы екінші күн мас күйде көлік жүргізуге тосқауыл қойылды. Солтүстікқазақстандық полицейлер жастар ресурстық орталығының волонтерлерімен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынама-парақшалар таратты. Петропавл қаласының LED-экрандарында мас күйде көлік тізгіндеуге жол бермеу жөніндегі әлеуметтік бейнероликтер көрсетілуде.

Жыл басынан бері облыс аумағында 482 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 45 адам қаза тауып, 637 адам жарақат алған. Полицейлер еске салады: жүргізушілердің жауапты мінез-құлқы – жол қозғалысы қауіпсіздігінің ең сенімді кепілі және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын ілгерілетудің берік негізі.
