Қостанай облысында полицейлер балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Қостанай облысында полицейлер балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанайда күн ерте батып, көшелер тез қараңғыланатын кезеңде балалардың жолда көзге түсуі ерекше маңызды. Осыған байланысты, Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне арналған Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету апталығы аясында полицейлер "Көрінетін бол!" акциясын өткізді.
Қаланың бірнеше мектебінің жанында патрульдік полицейлер екінші ауысым оқушыларын қарсы алып, олардың жолдағы қауіпсіздігін қадағалады. Полицейлер мен жас жол инспекторлар жасағы оқушыларға киім мен сөмкелеріне жабыстыруға арналған жарықты шағылыстыратын фликерлер таратты. Бұл кішкентай ғана белгілер қараңғыда баланы жүргізушіге алыстан көрсетіп, апаттың алдын алуға көмектеседі. Жас жол инспекторлары сыныптастарына неге фликер тағудың маңызды екенін түсіндірді.
— Киіміңде жарқыраған белгі болса, жүргізуші сені алыстан көреді. Демек, жолдан қауіпсіз өтіп кетуге мүмкіндігің көп,— дейді жас инспектор.
— Жыл басынан бері облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен шамамен 300 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл сан әрқайсымызға ескерту болуы тиіс — ең қымбатымызды, балаларымызды сақтайық. Балалардың жолдағы қауіпсіздігі — біздің қолымызда,— деді Қостанай облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Махаббат Хусаинова.
Қостанай қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Сахратов ата-аналарға үндеу жасады.
— Қараңғыда немесе бұлтты күндері қара түсті киімдегі баланы жүргізуші байқамай қалуы мүмкін. Ал фликер немесе ашық түсті киім баланы алыстан-ақ көзге түсіреді. Балаларыңыздың жолда көрінетінін қадағалап, оларды қауіп-қатерден сақтаңыздар, — деді Марат Сахратов.
Акцияны ұстаздар қауымы да қолдады. №8 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Абаева мектептегі қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
— Бізде “Адал азамат” бағдарламасы аясында қауіпсіздік сабақтары мен викториналары тұрақты өткізіледі. Мектептегі жас инспектор жасақтары жолдағы қауіпсіздік ережелерін өз қатарластарына түсінікті тілмен жеткізеді. Олар өздері де өзгелерге үлгі болады, — дейді Айгүл Абаева.
Қауіпсіздік — тек полицияның емес, әр ересектің жауапкершілігі. Өйткені кейде қарапайым ғана әрекет — фликер жабыстыру — бір өмірді сақтап қалуы мүмкін.
