Астанада оқушылар жол қозғалысының қауіпсіздігі апталығына қатысты
Астанада оқушылар "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" акциясына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алуға арналған жыл сайынғы дүниежүзілік күн аясында 10–16 қараша аралығында елордада полицейлер "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" акциясын ұйымдастырды.
Құқықтық сауаттылықты арттыру және жол-көлік жарақаттануының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері №79 мектеп-лицейінің оқушылары үшін бірқатар танымдық іс-шаралар өткізді. Шараның басты мақсаты – балалардың жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру болды.
Бесінші сынып оқушылары арасында қызықты спорттық сайыс ұйымдастырылып, бес команда өзара бақ сынасты. Қатысушылар жол қозғалысы ережелерін жетік білетінін, жолда өзін дұрыс ұстай алатынын және жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы жақсы хабардар екенін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды "Бағдаршам", екінші орынды "Жаяу жүргінші", ал үшінші орынды "Жол" командасы иеленді. Ал "Ереже" және "Тоқта" командалары белсенді қатысқандары және жоғары дайындық деңгейі үшін ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары арасында "Қауіпсіз балалық шақ" атты сурет байқауы өтті. Кішкентай суретшілер өз туындыларында жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын жарқын бояулармен және шығармашылық көзқараспен бейнеледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Астана қаласы полиция департаментінің атынан грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара соңында полицейлер барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда өзара сыйластық пен қырағылық танытуға, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырды.
