Жетісу облысында полиция жоғалған балаларды тауып, ата-анасына тапсырды
Жетісу облысында полиция жоғалған балаларды тауып, ата-анасына тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ескелді ауданында ата-аналар кәмелетке толмаған балаларының жоғалғаны туралы хабарлады. Жасөспірімдер ешкімге ескертпестен үйден шығып, атпен таулы аумаққа қарай кетіп қалған. Хабар түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын бастады. Іздестіруге кезекші нарядтар, учаскелік инспекторлар, кинологтар, волонтерлер және жергілікті жерді жақсы білетін тұрғындар жұмылдырылды. Іздестіру аумағына ауыл маңындағы қиын тау бөктерлері де толықтай қамтылды.
Полиция дроны қиын жететін аймақтарды әуеден шолып, жасөспірімдердің қозғалыс бағытын анықтап, іздеу топтарын сол жерге бағыттауға мүмкіндік берді. Заманауи технологиялардың көмегімен балалардың орналасқан жері жылдам табылды.
Шамамен екі тәулікке созылған үздіксіз іздестіру жұмыстары нәтижесінде балалар тірі және аман-есен табылып, дереу үйлеріне жеткізілді.
Жыл басынан бері полицияға 408 адамның жоғалғаны туралы хабар түскен. Әрбір дабыл – шұғыл әрекетті талап ететін басым бағыт. Полиция қызметкерлері барлық қолжетімді күш пен құралдарды жұмылдырып, іздестіруді дереу бастайды. Жоғары жеделдік, кәсіби дайындық және бөлімшелердің үйлесімді жұмысы арқасында барлық фактілер тәулік ішінде ашылып, адамдар табылып, үйлеріне қайтарылған.
Іздеу жұмыстары әсіресе ең осал санаттарға – кәмелетке толмағандар мен жасы үлкен адамдарға ерекше бағытталады. Олар дер кезінде көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Полицияның тиімді жұмысы, заманауи технологияларды қолдану және іс-қимылдардың дұрыс үйлестірілуі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: мұндай жағдайларда әр минут маңызды. Ата-аналар балаларын мұқият бақылап, жоғалу белгілері байқалған сәттен-ақ құқық қорғау органдарына дереу хабар беруі қажет.
Кәсібилік, жеделдік және жаңа технологиялар қолданылған іздестіру операциясының сәтті аяқталуы тағы бір мәрте көрсетті: балалардың қауіпсіздігі полицияның басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
