Қарағандыда полиция мен кәсіби спортшылар мектеп оқушыларымен кездесті
Қарағандыда полиция мен кәсіби спортшылар мектеп оқушыларымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың, әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше назар аударып келеді.

"Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру және "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция басқармасы Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының 8–11 сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырды.
Жиында жасөспірімдер қылмысы мен нашақорлық мәселелеріне баса мән берілді. Бұл құбылыстар жас буынның болашағына айтарлықтай қауіп төндіреді. Есірткі саудасы өкілдері жастарды жеңіл жолмен табыс табуға шақырып арбайды, алайда оның соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке және тағдырдың талқандалуына әкелетіні түсіндірілді.

Профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында кездесуге танымал спортшылар шақырылды: "Шахтёр" футбол клубының қақпашысы И.Шацкий, "Сарыарқа" хоккей клубының жаттықтырушысы М. Кармалин, шабуылшылары Егор Кузьменко, Константин Пальмтаг, Егор Смольянинов, сондай-ақ қорғаушылары Игорь Пономарёв пен Михаил Степанов.
Олар оқушылармен тәжірибелерімен бөлісіп, салауатты өмір салты, спорттың тәрбие мен тұлға қалыптастырудағы рөлі және мақсатқа жетудегі табандылық жөнінде әңгімеледі.
Қарағанды облысы ПД жедел-криминалистикалық қызмет орталығының қызметкерлері қызметтік-іздестіру иттерінің жұмыс дағдыларын көрсетіп, оқушылардың қызығушылығын арттыра түсті.
Іс-шара соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар тарту етіліп, оқушылар танымал спортшылардан автограф алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл кездесу жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып, олардың бойында оң құндылықтар мен дұрыс өмірлік ұстанымдарды қалыптастыруға ықпал етті.
