Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция заңсыз саудамен күресті күшейтті

Алматы қаласында полицейлер жабайы сауданың алдын алу, абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау және қоғамдық орындарды ластау фактілерін анықтау мақсатында кешенді рейдтік іс-шаралар жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаладағы ірі киім-кешек базарларының бірінің маңында заңсыз қойылған сауда нүктелері анықталып, барлығы толықтай жойылды. Аумақ тазартылып, тәртіп орнатылды. Бір ғана рейдтің нәтижесінде 80-нен астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында өз территориясында тиісті тәртіпті қамтамасыз етпегені үшін базар әкімшілігі де бар.

- Мұндай іс-шаралар “Заң және тәртіп” басым бағыты аясында және министр жариялаған Профилактика жылына сәйкес жүйелі түрде өткізіліп келеді. Біздің міндетіміз - мегаполисте құқық тәртібін қамтамасыз ету, тазалықты сақтау және тұрғындар үшін қауіпсіз, қолайлы жағдай қалыптастыру. Санитарлық және қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген құқықбұзушылыққа алдағы уақытта да батыл тосқауыл қойылады, - деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Қала аумағында тәртіп орнату және стихиялық сауданың жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Полиция департаменті заңсыз сауда мен аумақты ластау тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын, сондай-ақ қаланың санитарлық және қоғамдық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретінін ескертеді.

Полиция кәсіпкерлер мен қала тұрғындарын абаттандыру қағидаларын және заң талаптарын сақтауға шақырады. Өйткені әрбір азаматтың жауапкершілігі – қаланың тазалығы мен тәртібінің басты кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру