ШҚО-да студенттерге есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды
ШҚО-да студенттерге есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "Жастар Рухы" жастар қанатымен бірлесіп, "Экономика және техника" колледжінің студенттеріне есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара өткізді. Іс-шара барысында арнайы бөлініс жауынгерлері шартты есірткі таратушыны ұстау тактикасын көрсетті.

Студенттер құқық бұзушыны анықтау сәтінен бастап толық залалсыздандыруға дейінгі жедел іс-қимылдардың кезеңдерін өз көздерімен бақылады. Мұндай көрсетілім жастарға полиция қызметінің шынайы, күнделікті жұмысына жақын форматта танысуға мүмкіндік берді. Кинологтар да қызметтік иттердің есірткі заттарының жасыру орындарын анықтаудағы өз тәсілдерін көрсетті. Төрт аяқты көмекшілер оқу мақсатындағы жасырын нүктелерді лезде тауып, есірткі қылмыстарын ашудағы маңызды рөлін дәлелдеді.

– Біздің жұмысымыздың шынайы қырын студенттердің өз көзімен көргені маңызды. Есірткі қылмысына қарсы күрес – фильмдегі кадр емес, жоғары жауапкершілік пен дәлдікті талап ететін күнделікті жұмыс, – деп атап өтті ШҚО ПД ЕҚҚІҚБ басқармасының өкілдері.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – профилактика. Жастарға есірткіні қолдану немесе оны тарату ауыр зардаптарға әкелетіні және заң алдында қатаң жауапкершілік қарастырылғаны түсіндірілді.

Жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 16 жасөспірім ұсталған. Әрбір дерек – қауіптің қасында тұрғанын және бір сәттік қадам жасөспірімдердің болашағына қауіп төндіретінін көрсетеді. Сондықтан жастар арасында алдын алу жұмыстарын күшейту бүгінгі күні өзекті болып отыр
