СҚО-да полицейлер дрон арқылы жол ережесін бұзушыларды анықтап жатыр
СҚО-да полицейлер дрон арқылы жол ережесін бұзушыларды анықтап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында заманауи техникалық құралдарды қолдану аясын кеңейтіп келеді.
Статистика жағдайдың өзектілігін айқын көрсетеді. Жыл басынан бері СҚО аумағында 482 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 45 адам қаза тауып, 637 адам жарақат алған. Оның 447-сі жүргізушілердің кінәсінен болған.
Жолдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын ілгерілету шеңберінде патрульдік полиция автоматтандырылған тіркеу кешендерін, жасырын патрульдеуді және дрондар арқылы бақылауды қолданады. Дрондар арқылы әдетте қала маңындағы трассаларда пайдаланылады. Бұл тәсіл шілде айынан бері қолданылып келеді. Дрондар республикалық маңызы бар автожолдарда 14 құқық бұзушылықты анықтауға мүмкіндік берді.
Бұл жұмыс 18 қарашадан бастап өткізіліп жатқан "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы аясында күшейтілді. Мақсат — жазалау емес, жүргізушілер мәдениетін арттыру, жолдағылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілікті еске салу. Полицейлер жол қозғалысына қатысушылармен түсіндіру жұмысын жүргізіп, оларға тікелей және дауыс зорайтқыш арқылы үн қатады.
"Қауіпсіз жол" операциясының небәрі үш күні ішінде СҚО жолдарында 672 түрлі құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мас күйінде көлік жүргізудің 8 фактісі, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп кетудің 13 дерегі, маневр жасау қағидаларын бұзудың 21 фактісі бар. Полицейлер барлық жол қозғалысына қатысушы азаматтан жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды сұрайды.
