Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар талқыланды

Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкентте полиция мен қоғамдық көлік жүргізушілері арасында жол қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланған кездесу өтті. Жиынның басында автобустардың қатысуымен орын алған ауыр жол апаттарының кадрлары көрсетіліп, рулдегі жауапсыздықтың салдары қандай болатыны ескертілді.

Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтауына тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. "Тасымалдаушы", "Қауіпсіз жол", "Автобус" сияқты профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Ағымдағы жылдың басынан бері автобус жүргізушілерімен жасалған 1500-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылған.

Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жайттары әлі де тіркелуде. Негізгі мәселелерге кейбір жүргізушілердің тәжірибесінің аздығы, жүргізу мәдениетінің төмендігі, бағыттарда жарысу, жол таңбаларын елемеу (оның ішінде тұтас сызықты кесіп өту), сондай-ақ аялдамаларда жолаушылардың толық мініп-түскеніне және қауіпсіздігіне көз жеткізбеуі жатады.

Мұндай бұзушылықтардың салдарынан жыл басынан бері қалада автобустардың қатысуымен 185 жол-көлік оқиғасы орын алып, 4 адам қаза тапқан.

Ұлықбек Мылтықов автопарк басшыларын анықталған кемшіліктерді жоюға, автобустарды бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, жүргізушілерге міндетті түрде рейс алдындағы медициналық тексеру ұйымдастыруға және олардың жол ережесін сақтауын күнделікті бақылап отыруға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру, апаттылық деңгейін төмендету және тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру