Алматыда үздік көлік жүргізушілері марапатталды
Алматыда үздік көлік жүргізушілері марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында республикалық “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін бұзбайтын, айыппұлы жоқ көлік жүргізушілерін ынталандыру акциясы өтті. Шара бір тасымалдаушы компанияның қолдауымен ұйымдастырылды.
Акция қорытындысы бойынша жолаушыларды күнделікті қауіпсіз тасымалдауда жоғары жауапкершілік танытып жүрген 10 жүргізуші марапатталды. Оларға сертификаттар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
— Біз бүгін күнделікті тәртібімен барлық жол қозғалысына қатысушыларға үлгі болып жүрген азаматтарды атап өтудеміз. Алматы полициясы “Заң мен тәртіп” қағидатын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Әр жүргізушінің жауапкершілігі — жол-көлік оқиғаларын азайтудың және тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі кепілі, — деді Алматы қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шұмаев.
Профилактика жылы аясында осындай ынталандыру акциялары жалғасын табады.
