Павлодарда полицейлер студенттерге есірткінің зияны жайлы профилактикалық дәріс өткізді
Павлодарда полицейлер студенттерге есірткінің зияны жайлы профилактикалық дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Торайғыров университетінің әскери кафедрасында әскери-оқу дайындықтан өтіп жатқан студенттерге арналған профилактикалық дәріс өткізді.
Есірткіге тәуелділік бүгінгі күні ең өзекті әлеуметтік және медициналық мәселелердің бірі болып қала береді. Ол адамның денсаулығын, жеке тұлғасын және әлеуметтік байланыстарын бұзады, ауыр асқынулар мен ауруларға алып келеді, сондай-ақ тек тәуелді адамның өзіне ғана емес, оның жақындарына және жалпы қоғамға кері әсер етіп, қылмыстың өсуіне ықпал етеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында тұрақты құқықтық сауатын қалыптастыру, қырағылықты арттыру және оларды құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың алдын алу.
Кездесу барысында болашақ офицерлерге есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, оларды сақтау, тарату және тұтыну үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
Сонымен қатар жастардың интернет-платформалар мен мессенджерлер арқылы есірткі қылмысына тартылу жағдайларына назар аударылды. Студенттерге мұндай құқық бұзушылықтар ауыр құқықтық салдарға әкелетіні, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тарту, бас бостандығынан айыру, сондай-ақ болашақ әскери қызметі мен кәсіби мансабына шектеулер қоюы мүмкін екені ескертілді.
