Елордада полицейлер қала тұрғынын 800 мың теңгеге алдап кеткен күдіктіні ұстады
Елордада полицейлер қала тұрғынын 800 мың теңгеге алдап кеткен алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полицейлер алаяқтық дерегі бойынша күдіктіні анықтап, ұстады. Оқиға түнгі клубтардың бірінде орын алған. Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті жәбірленушімен түнгі клубта танысып, арада сенімді қарым-қатынас орнатқан. Кейіннен өз танысын жалған сөздеріне сендірген. “Егер 800 мың теңге берсең, 10 көліктің біреуін ұтып аласын” деп алдаған.
Жәбірленуші уәдеге сеніп, сұралған соманы қолма-қол берген. Алайда біраз уақыттан кейін күдікті байланысқа шықпай қалған. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті ұсталып, өз кінәсін толық мойындады, жәбірленушіге келтірілген 800 мың теңге көлеміндегі материалдық шығынды қайтарды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды бейтаныс адамдарға сенбеуге, күмәнді ұсыныстарға ермеуге, әсіресе ұтыс, инвестиция, жеңіл пайда туралы уәделерге алданып қалмауға шақырады.
