Тәртіп сақшылары ұрлықпен айналысып жүрген күдіктіні қолға түсірді
Қарағанды облысының полицейлері ұрлықпен айналысып жүрген күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары тамыз айында орын алған ұрлықтың бетін ашып, алдын ала мұқият жоспарланған жедел іс-шара барысында күдіктіні Павлодар қаласында қолға түсірді. Тергеу барысында ер адамның негізінен Павлодарда "гастрольдік" түрде қылмыс жасап жүретіні, ал Қарағандыға кездейсоқ, жолай келгені анықталды. Облыс орталығында күдікті құлыпқа кілт таңдап, 41 жастағы азаматшаның пәтеріне кіріп, алтын әшекейлер мен қомақты көлемдегі ақшаны ұрлап кеткен. Жәбірленуші келтірілген шығынды 5 миллион теңгеден асады деп бағалады.
Арыз түскен сәттен бастап қарағандылық жедел уәкілдер кешенді іздестіру жұмыстарын бастады. Негізгі назар бұрын осындай құқық бұзушылықтар үшін сотталғандарға, ұрланған мүлік өткізілетін ломбардтарға және валюта айырбастау орындарына бағытталды. Алғашында елеусіз көрінген бір дерек Қарғандыдағы полицейлерді Павлодар қаласына жеткізді.
Онда жиналған бұлтартпас айғақтардың негізінде 38 жастағы күдікті құрықталды. Тінту кезінде оның қылмысқа тікелей қатысын дәлелдейтін заттай айғақтар табылды. Күдікті ұрланған алтынды сатпай, қолды қылған ақшаны өз қажетіне еркін жұмсаған.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қарағанды қаласы мен облысы аумағында жасалған өзге де ұқсас қылмыстарға оның ықтимал қатысын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
