Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн акциясы аясында кең ауқымды іс-шаралар өтуде

Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн акциясы аясында кең ауқымды іс-шаралар өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында республикалық "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл" акциясы жалғасуда. Оның аясында ішкі істер органдары әйелдер мен балаларды қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – Мемлекет басшысы мен ІІМ басшылығының ерекше бақылауында. Әрбір зорлық-зомбылық фактісі бойынша дереу әрекет етуді қажет етеді. Біздің міндетіміз – әйелдер мен балаларды қорғау, отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алматы қаласында бұл жұмыс күн сайын әрі жүйелі түрде жүргізіліп келеді, – деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.

Акция 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтуде. Іс-шаралар барысында білім беру ұйымдарында дәрістер, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізілді, қаланың қоғамдық кеңістіктерінде флешмобтар ұйымдастырылды, еңбек ұжымдарымен кездесулер өтті.

Кризистік орталықтармен бірлесе отырып, 2000-нан астам ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылды. Онда "111", "150", "102" сенім қызметтерінің телефон нөмірлері көрсетілген. Азаматтардың өтініштері бойынша құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді, жәбірленушілер кризистік орталықтарға орналастырылды. Полицияның сервистік орталықтарында кеңеске мұқтаж әйелдерге қабылдау ұйымдастырылды.

– Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған 2 мыңға жуық адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға бару жүзеге асырылып, нақты көмек көрсетілді. Акция қорытындысы бойынша 184 қорғау нұсқамасы шығарылды, сот 36 құқық бұзушыға мінез-құлыққа қатысты арнайы талаптар белгіледі. Арнайы санаттағы тұлғалармен профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді. Әрбір жүгіну заң аясында қаралады. Біз азаматтарды зорлық-зомбылық туралы жасырмай, көмек сұрауға шақырамыз. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі – біздің міндетіміз, – деп қорытындылады Айтан Елеусізов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру