Алматыда интернет-алаяқтық жайлы бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды
Алматыда интернет-алаяқтық жайлы бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті ұйымдастырған интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға кең таралған алаяқтық тәсілдер, дроп қызметтері және цифрлық қауіпсіздік ережелері тақырыптарында жұмыстарын ұсынған 60-тан астам студент қатысты.
Үшінші орынды Алматы технологиялық-қаржылық және инновациялық-техникалық колледжінің студенттер командасы иеленді. Қатысушылар байқауға бірден төрт бейнеролик ұсынған, оның жеңімпаздары— Айбек Аубакиров, Дастан Кенжебаев және Рамазан Қожанбаев. Жеңімпаздар ҚР ІІМ-нің грамоталары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Бүгінгі жастардың интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарына белсенді араласқаны қуантады. Осындай байқауларға қатысуларыңыз цифрлық сауаттылықты арттыруға, онлайн кеңістіктегі қылмыстардың алдын алуға үлкен үлес қосады. Әрбір бейнеролик — қоғамның қауіпсіздігіне бағытталған маңызды еңбек. Барлық қатысушыларға бастамашылдығы мен сапалы жұмысы үшін алғыс айтамын, — деді Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Іс-шара жастар арасында киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша республикалық профилактикалық жұмыстың аясында өткізілді.
