Ынтымағы жарасқан Ынталы ауылы
Түркістан облысындағы салауатты өмір салтын ұстанатын Ынталы ауылы жайлы Polisia.kz. сайты ақпарат ұсынады.
Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Ынталы ауылы соңғы 2 жылда салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. 500-ге жуық үйі мен 3200-ден астам тұрғыны алкоголь өнімдерінен бас тартып, ауылдағы барлық 8 дүкен ішімдік сатуды тоқтатты. Бұл мекенде ашылған екі заманауи спорт кешені жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасап, түрлі спорт үйірмелері тұрақты түрде жұмыс істеуде.
Ал бастамаға мұрындық болған полиция қызметкерлері тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп, зиянды әдеттердің алдын алу мен құқықбұзушылыққа жол бермеу бағытында жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әрбір кәсіп иесімен, ауыл биімен және тұрғындармен кездесіп, есеп беріп, салауатты өмір салтын ұстану мен жаман әдеттен арылу арқылы заң мен тәртіпті сақтауға үнемі кеңес береді.
Нәтижесінде Ынталы – тәртібі сақталған, салауатты өмір салты орныққан, заң мен тәртіпті нығайтып, қылмыстың азаюына үлес қосқан ауыл ретінде өңірге үлгі болып отыр.
