Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында "Ішімдіксіз ауыл" бастамасы аясында меморандумға қол қойылды

Шегірен ауылында салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Ішімдіксіз ауыл" профилактикалық іс-шарасы аясында Шарбақты ауданының Шегірен ауылында салауатты өмір салтын насихаттауға және алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың алдын алуға бағытталған кездесу өтті.

Іс-шараға Шарбақты аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Баймбет Алмас, полиция қызметкерлері, дін өкілдері, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар қатысты. Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, отбасы құндылықтарын нығайту, жастар тәрбиесі және қоғамда алкогольді шамадан тыс тұтынуға қарсы көзқарас қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Жиын барысында ауылдық жерлерде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудағы қоғамның рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен салауатты өмір салтын орнықтыруға мемлекет, құқық қорғау органдары, дін өкілдері және жергілікті тұрғындардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Шара барысында Шарбақты аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Баймбет Алмас тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтардың белсенді ұстанымы маңызды екенін тілге тиек етті.

Кездесу қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері, аудандық имам және ақсақалдар кеңесінің өкілдері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат алкоголизмнің алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды көздейді.

Мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға және өскелең ұрпақтың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне оң ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру