Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында "Ішімдіксіз ауыл" жобасы жалғасуда

Абай облысының Ақсуат ауданындағы Есім ауылы тағы бір маңызды қоғамдық бастаманы қолдап, "Ішімдіксіз ауыл" мәртебесіне ие болды. Халқы 78 адамнан, 20 шаңырақтан тұратын шағын елдімекеннің бұл шешімі жай ғана ресми бастама емес, тұрғындардың өзара келісімі мен ортақ ұстанымынан туған қадам болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішімдіксіз өмір салтын насихаттау, қоғамдық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған "Ішімдіксіз ауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауыл тұрғындарымен ашық форматтағы кездесу өтті.

Жиынға Ақсуат ауданының әкімі Әлібек Бейлғожин, Ақсуат аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділет Бауыржанов, аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Бауыржан Камалханов және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту, жастар тәрбиесі және алкогольдің қоғамға тигізетін кері әсері секілді маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.

Жиын кезінде ауыл ақсақалдары бұл шешімнің маңыздылығына ерекше тоқталды.

- Бүгінгі таңдаған жолымыз – болашақ үшін жасалған маңызды қадам. Ауылымызда ішімдік сатылмайды, той-томалақтар мен қоғамдық шаралар ішімдіксіз өткізіледі. Есім ауылы әрдайым үлгілі елді мекендердің қатарынан көріне берсін, – деді ауыл қариялары.

Ауыл тұрғындарының ортақ шешімі қоғамдық келісім мен жауапкершіліктің нақты көрінісі ретінде бағаланды.

Өз кезегінде Ақсуат аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділет Бауыржанов тұрғындардың бастамасына жоғары баға берді.

- Есім ауылының бүгінгі таңдауы – қоғамдық сананың жаңаруы мен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ішімдіксіз орта – қауіпсіз әрі берекелі қоғамның негізі. Біз мұндай игі бастамаларды әрдайым қолдап, оның тұрақты жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді ол.

Кездесу барысында тұрғындар ауылдың болашағына қатысты ой-пікірлерін ашық айтып, жастарды спортпен шұғылдануға баулу, қоғамдық тәртіпті күшейту және өзара сыйластық пен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін ортақ мақсат ретінде белгіледі.

Сонымен қатар Ақсуат аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Қанат Тыныбаев тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы нақты ұсыныстарын жеткізді.

Жиын қорытындысында ауыл тұрғындары Есім ауылын ішімдіктен азат, қоғамдық тәртібі жоғары және берекелі елді мекен ретінде дамытуға ниетті екендіктерін тағы бір мәрте растады.

Бүгінде Есім ауылының таңдауы – салауатты өмір салтын насихаттаудың, қоғамдық келісімді нығайтудың және қауіпсіз орта қалыптастырудың жарқын үлгісі. Мұндай бастамалар қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа өнеге болатын құндылықтарды дәріптеуге де жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру