"Қауіпті жүргізуші" ЖПІШ: Жетісу облысында ЖКО-ның алдын алу шаралары күшейтілді
Жетісу облысында ЖКО-ның алдын алу шаралары күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында жол қауіпсіздігін арттыруға және қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған республикалық "Қауіпті жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Осы кезеңде жол қозғалысына қатысушылардың қараңғы уақытта көрінуіне ерекше көңіл бөлінді.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүк көліктерінің жүргізушілерімен түсіндіру кездесулерін өткізді. Инспекторлардың айтуынша, тіпті кішкентай жарық шағылыстырғыш элементтің өзі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Түнде жол жиегінде тұрған жүк көлігінің габариттерін дер кезінде байқау қиынға соғады. Мұндай белгілерді қолдану – ЖКО қаупін төмендетудің ең қарапайым әрі тиімді тәсілдерінің бірі.
– Жарық шағылыстырғыш жапсырмалар – жай ғана аксессуар емес, жеке қауіпсіздіктің маңызды элементі. Көлік неғұрлым көзге анық көрінсе, қиын жағдайдан аман шығу ықтималдығы соғұрлым жоғары, – деп атап өтті батальон қызметкерлері.
2025 жылдың 11 айында Жетісу облысының патрульдік полиция батальоны 42 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзуды анықтады. Олардың ішінде жыл сайын ауыр зардаптарға әкелетін ең қауіпті құқық бұзушылықтар бар. Көлікті мас күйде басқару бойынша 155 дерек, жылдамдықты асыру — 36 мыңнан астам жағдай, қарсы қозғалыс жолағына шығу бойынша 126 дерек, рульде телефон пайдалану — 2 мыңнан астам жағдай, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған бұзушылықтар бойынша 4 мыңнан астам дерек тіркелді.

Қазіргі заманғы технологиялар да инспекторларға жағдайды бақылауда ұстауға көмектеседі. Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 3500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Дрондар жолдан байқалмайтын жасырын және қауіпті маневрлерді жедел тіркеуге мүмкіндік береді.
Жарық шағылыстырғыш жапсырмалар – жаяу жүргінші, велосипедші немесе жүргізушінің өмірін сақтап қалуы мүмкін қарапайым қадам.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері "Қауіпті жүргізуші" ЖПІШ аясында жұмыстарын жалғастырып, жолда мұқият жауапты болуға шақырады.
