БҚО-да полицейлер тұрғындармен есірткі қылмысының алдын алу жолдарын талқылады
БҚО-да полицейлер тұрғындармен есірткі қылмысының алдын алу жолдарын талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында БҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері, сондай-ақ пәтер иелерінің кооперативі мен мүлік иелерінің бірлестігі өкілдері бірлесіп кездесу өткізіп, көпқабатты үйлерде жасырын есірткі зертханаларды анықтау және есірткі қылмысының алдын алу мәселелерін талқылады.
Кездесу жай ғана формалды жиналыс емес — тұрғындарды алаңдататын өзекті тақырыптарды ашық талқылаған мазмұнды диалог алаңы болды. Қатысушылар өз ауласында, подъезінде немесе көрші пәтерде байқалуы мүмкін күмәнді әрекеттерді анықтаудың нақты белгілерімен танысты. Жасырын есірткі өсіру зертханаларының жиі кездесетін белгілері туралы ескертілді.
Сонымен қатар қатысушылар төтенше немесе күдікті жағдайға тап болғанда қалай әрекет ету қажеттігі жөнінде практикалық кеңестер алды. Тұрғындар мен қауымдастық өкілдері қауіпсіздікке қатысты мәселелерді бірлесе шешудің тиімді жолдарын талқылап, өзара байланыс орнатты.
Жыл басынан облыс аумағында 10 есірткі зертханасы анықталды. Олар шетелден сора тұқымдарын заңсыз жеткізіп, өсімдіктерді өсіруге арналған желдеткіш жүйелері мен арнайы жарықтандыру құралдарымен жабдықталған бөлмелер ұйымдастырған. Алынған өнім одан әрі өткізуге бағытталған.
Кездесу нәтижесінде тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы байланыс нығая түсті. Өзара ақпарат алмасу тетіктері нақты бекітілді; -есірткі қылмысының алдын алу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары қалыптасты. Іс-шара соңында қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратылып, қауіпті жағдайларды байқаса, қайда және қалай хабарласу керектігі туралы толық нұсқаулық берілді.
