Талдықорғанда полицейлер жас сақшыларға жол ережелері бойынша сабақ өтті
Талдықорғанда полицейлер жас сақшыларға жол ережелері бойынша сабақ өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында балаларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлықтың негіздерін үйрету жұмыстары жалғасуда. Жетісу облысының полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласындағы №14 орта мектептің "Жас сақшы" сыныбына жол қозғалысы ережелеріне арналған танымдық сабақ өткізді.
Кездесу барысында полицейлер кадеттерге жол қозғалысы ережелерінің негізгі талаптарын, жолда мұқият болудың маңызын, жаяу жүргінші, жолаушы және велосипедші ретінде дұрыс әрекет ету қағидаларын түсінікті әрі жан-жақты түсіндірді. Балаларға жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдану, бағдаршам сигналдарын және жол белгілерінің талаптарын сақтау қажеттілігі еске салынды.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары салдарынан балалардың жарақат алу себептері мен ережелерді бұзу ауыр зардаптарға әкелетін нақты жағдайлар ерекше атап өтілді. Кадеттер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз бақылауларымен бөлісті.
Мұндай сабақтар балалардың жеке қауіпсіздікке деген жауапкершілігін қалыптастырып, күнделікті өмірде қажет дағдыларды бекітуге көмектеседі. Жетісу облысының полициясы кәмелетке толмағандар арасындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және өңірде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін дамыту бойынша жұмысын жалғастырады.
