Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда интернет-алаяқтықты тергеу мәселелері талқыланды

Талдықорғанда интернет-алаяқтықты тергеу мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласының полиция басқармасында арнайы жұмыс кездесуі өтіп, оған қалалық мамандандырылған тергеу сотының өкілі, прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының бастығы, Жетісу облысы ПД-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және жедел-тергеу бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты — интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу мен тергеудің тиімді тетіктерін пысықтау. Цифрлық кеңістікте белең алған мұндай құқықбұзушылықтар қылмыстық қызметтің ең жылдам өзгеріп, дамып келе жатқан түрінің бірі болып отыр. Осыған орай спикерлер киберқылмыстарды құжаттау барысында назар аударылуы тиіс негізгі аспектілерге тоқталды: цифрлық іздерді жинау, интернет-ресурстармен жұмыс істеудің ерекшеліктері, банктермен, онлайн-платформалармен және халықаралық құрылымдармен жедел өзара әрекеттесу.

Қатысушылар интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тек техникалық дайындықты ғана емес, сонымен қатар мұндай қылмыстардың табиғатын терең түсінуді, құқықтық нормаларды жетік білуді және тергеудің әр кезеңінде заңдылықты қатаң сақтауды талап ететінін атап өтті.

Жиында ведомствоаралық ынтымақтастықты арттырудың маңызы ерекше айтылды. Осы ретте қатысушылар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
"Заң баршаға бірдей қатаң болуы тиіс, ал мемлекеттік органдар әділдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халыққа қызмет етуге міндетті" деген сөздерін еске салды.

Бұл қағида кездесу жұмысының негізгі бағдарын айқындап, киберқылмысқа қарсы тиімді іс-қимыл сот, прокуратура және полицияның үйлесімді өзара әрекетімен, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыру арқылы ғана жүзеге асатынын көрсетті.

Кездесу интернет-алаяқтықты әшкерелеу деңгейін арттыру, азаматтарды цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғау, сондай-ақ тәжірибе алмасуды жалғастырып, бірлескен әрекеттерді күшейту жөніндегі уағдаластықпен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру