Алматы облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Алматы облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алатау қаласында жалпы білім беретін мектептердің бірінің базасында "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жобаға 6-сынып оқушылары тартылып, олар жалпы білім беру пәндерімен қатар арнайы әскери-патриоттық даярлықтан өтетін болады.
Қосымша оқу бағдарламасы аясында оқушылар саптық дайындықтың негіздерін меңгеріп, қарумен жұмыс істеу қағидаларын, оны бөлшектеу және жинақтау тәсілдерін үйренеді. Сондай-ақ "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында тәртіпке, жауапкершілікке және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға айрықша мән беріледі.
Салтанатты іс-шара барысында полиция қызметкерлері оқушылардан ант қабылдады. Осы сәттен бастап ішкі істер органдары әскери-патриоттық сыныпқа шефтік қамқорлық жасап, жас сақшыларды профилактикалық және тәрбиелік іс-шараларға жүйелі түрде тартып отыратын болады. Бұл бағыттағы жұмыс жасөспірімдердің бойында заңға, қоғамдық нормаларға және құқықтық тәртіп қағидаттарына құрмет қалыптастыруды көздейді.
Іс-шара қонақтарына оқушылардың шығармашылық әрі көрсетілімдік өнерлері ерекше әсер қалдырды. Жас сақшылар қоян-қолтық ұрыс элементтерін, сондай-ақ оқу қаруымен сап түзеп көрсетілім жасап, өздерінің жоғары дайындық деңгейін, тәртіптілігі мен ұйымшылдығын паш етті.
Қазіргі таңда облыс аумағында "Жас сақшы" бағыты бойынша 18 сынып жұмыс істеп тұр, ал Алатау қаласында ашылған сынып - он тоғызыншысы. Бұл жас ұрпақты заңға бағынатын, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде тәрбиелеу бағытындағы жұмыстың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды.
Іс-шара соңында полиция өкілдері жас сақшыларға ақ жол тілеп, заң талаптарын сақтау, тәртіп пен азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыруға елеулі үлес қосқан ұстаздар марапатталды.
"Жас сақшы" сыныбының ашылуы ішкі істер органдары мен білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ жас ұрпақ арасында "Заң мен тәртіп" қағидаттарын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды.
