Павлодар тұрғыны өрт кезінде көмек көрсеткен полицейге алғыс білдірді
Павлодар тұрғыны өрт кезінде көмек көрсеткен полицейге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының тұрғыны Павлодар қаласы ПБ оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Асет Оспановқа шынайы алғысын білдірді.
– 17 желтоқсанда біз "Яблонька" саяжайында орналасқан үйде болдық. Мен жұмысқа кеткен кезде үйде 17 және 4 жастағы екі балам қалды. Сол күні ұлыма оның құрбысы келген. Кенеттен қою түтін шығып, ұлым 102 нөміріне қоңырау шалып, өрт сөндірушілерді шақырды. Оқиға орнына дереу Асет Оспанов келіп, уақыт жоғалтпай жанып жатқан үйге кіріп, үш баланы сыртқа эвакуациялады. Полицейдің батылдығы мен жанқиярлығының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, балалардың өмірі сақталып қалды. Осындай ұл тәрбиелеп өсіргені үшін оның ата-анасына алғысымды білдіремін, – дейді ризашылығын білдірген тұрғын.
Тәртіп сақшысы мен өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде түтін ошағы қысқа мерзімде жойылды.Қазіргі уақытта балалар ауруханаға жеткізілді, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Полиция мәліметінше, Асет Оспанов ішкі істер органдарында 2006 жылдың сәуір айынан бері қызмет атқарып келеді. Әріптестері оны күрделі жағдайларда жұмыс істеуге әрдайым дайын, нағыз кәсіби маман ретінде сипаттайды.
