Жамбыл облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы құрылды
Жамбыл облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы құрылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында 9-сыныптың 20 оқушысынан құралған "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев арнайы қатысып, жас сақшыларды құттықтады. Салтанатты сәтте оқушылар ант қабылдап, заң мен тәртіпке адал болуға серт берді.

Шара аясында мектеп директоры мен аудандық полиция бөлімінің бастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат құқық бұзушылықтың алдын алу және полиция мен мектеп байланысын нығайтуға бағытталған.
"Жас сақшы" жобасы жас ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, полиция қызметіне қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді.
