Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысының ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға кәсіптік білім беру жүйелі түрде жүзеге асырылуда

Ақмола облысының ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға кәсіптік білім беру жүйелі түрде жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Уақыт бір сәтке тоқтап қалғандай көрінетін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қабырғаларында тек босатуды күту ғана емес, өмірді түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін маңызды үдерістер жүріп жатады. Тікенді сымның ар жағында көптеген адамдар кәсіптік білім беру бағдарламалары арқылы екінші мүмкіндігін тауып, жаңа мамандық меңгеріп, болашаққа деген үмітін қайта жандандырады.

Бір кездері өмір жолынан адасқан жандар бүгінде колония қабырғасында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын игеруге мүмкіндік алуда. Бұл — жай ғана оқу емес, бұл мақсатты, жүйелі жұмыс, табысты қайта әлеуметтенудің пәрменді құралы.

Сотталғандарды кәсіптік оқыту — қылмысты түзету мен оның алдын алу үдерісіндегі маңызды бағыттардың бірі.

Дағдылар мен тұрақты жұмыстың болмауы көбіне қайталама қылмыстарға алып келеді. Ал мамандық иесі атанған сотталғандар бостандыққа шыққан соң жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік алады. Бұл олардың қылмыстық өткенге қайта оралу қаупін едәуір төмендетеді, — деп атап өтті Ақмола облысы ҚАЖ департаментіне қарасты №1 мекеменің бастығы Жандос Досанов.

Оқу үдерісі тек практикалық машықтарды ғана емес, сонымен қатар адамның өзіне деген сенімін арттырып, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге, еңбекке деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді.

Мамандықтар өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай таңдалады. Бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Қазіргі таңда мекеме жанындағы колледжде бес жұмысшы мамандығы бойынша 90 сотталған білім алуда. Олар — аспаздар, тігіншілер, токарьлар, автослесарлар және электриктер. Колледждің педагогикалық ұжымымен тығыз әрі үйлесімді жұмыс ерекше атап өтуге тұрарлық. Мұнда тек білім беру емес, оқушылардың психо-эмоционалдық жағдайы, қарым-қатынас мәдениеті де маңызды рөл атқарады. Бұл — адамның қайта жаңғыруына, оңалуына жол ашады. Әрбір алынған дипломның артында жай ғана құжат емес, тағдыры өзгерген адам тұр, — деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөліміне жетекшілік ететін мекеме бастығы Қымбат Ибраева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру