Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жезқазғанда балалар қауіпсіздігі мәселесі ата-аналармен бірлесіп талқыланды

Жезқазған қаласындағы сегіз мектепте полиция қызметкерлері ата-аналармен кездесу өткізіп, балалардың қауіпсіздігі мен тәртіп мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға білім басқармасының өкілдері, өрт сөндіру қызметі, құтқарушылар және 200-ден астам ата-ана қатысты.

Аталған кездесу тек ақпараттық сипатта ғана емес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы полиция мен қоғамның өзара тиімді әріптестігінің айқын көрінісі болды. Полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткіге тәуелділік пен интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Сонымен қатар ата-аналарға балаларымен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатудың, олардың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударудың маңыздылығы айтылды. Өрт сөндіру және құтқару қызметінің мамандары балалар мен ата-аналарға төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз әрекет ету тәртібін түсіндірсе, білім басқармасының өкілдері мектеп пен полиция арасындағы бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті.

Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, ата-аналар өздерін толғандырған сауалдарға жан-жақты әрі нақты жауап алды.

Полиция қызметі алдағы уақытта да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыратын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру