Астанада полицейлер жоғалған оқушыны жедел тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды
Астанада полицейлер жоғалған оқушыны жедел тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қысқа уақыт ішінде жоғалған баланы тауып, оны ата-анасына дін аман қайтарды.
Оқиға қаланың тұрғын алаптарының бірінде орын алған. Жеті жастағы бала ата-анасы үйде болған сәтте аулаға ойнауға шыққан. Анасы біраз уақыт баласының аулада жүргенін бақылап отырғанымен, кешкі мезгілде үйге қайтар сәтте оның орнында жоқ екенін аңғарған. Өз бетінше жүргізілген іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, ол дереу "102" арнасы арқылы полициядан көмек сұраған.
Хабарлама түскен бойда іздестіру жұмыстарына жүздеген полиция қызметкері жұмылдырылды. Олардың қатарында учаскелік инспекторлар, патрульдік жасақтар және қызметтік иттері бар кинологтар болды. Іздеу барысында бейнебақылау камераларының көмегімен баланың қозғалыс бағыты анықталды.
Жедел ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде шамамен бір сағаттан кейін учаскелік полиция инспекторы баланы көршілес аулалардың бірінен тауып, қауіпсіз жерге жеткізді. Бала ата-анасына аман-есен тапсырылды.
Астана қаласының полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді балаларды, әсіресе қоғамдық орындарда, үнемі назарда ұстауға және олардың қауіпсіздігіне барынша мән беруге шақырады.
