Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің заманауи жүйелері енгізілуде

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасы аясында өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Цифрландырудың басты мақсаты — азаматтарға полиция қызметтерін барынша қолжетімді етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін күшейту. Бүгінде тұрғындардың полицияға жүгіну мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейіп, өтініш беру тәртібі жеңілдетілді. Атап айтқанда, мобильді құрылғылардағы "eGov Mobile", "Kaspi.kz" және "Halyk Bank" қосымшаларында қолжетімді "Заң және тәртіп" функциясы арқылы азаматтар тікелей өтініш жолдай алады.

Өңірде жедел басқару орталықтарын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бөрлі, Бәйтерек және Сырым аудандарында 246 бейнебақылау камерасы мен 11 жылдамдықты бақылау жүйесі орнатылған жедел басқару орталықтары іске қосылды. Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына орай, биыл облыс аудандарында қосымша 5 жедел басқару орталығын құру жоспарланған.

Орал қаласында бейнебақылау желісі едәуір кеңейтіліп, аналитикалық мүмкіндіктері бар 300 заманауи камера орнатылды. Бұл жүйе:

  • оқиға болған аумақтың бейнесін жедел түрде экранға шығаруға;

  • "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастаған азаматтарды автоматты түрде анықтауға;

  • іздеуде жүрген көлік құралдары мен тұлғаларды әртүрлі параметрлер бойынша тануға;

  • қоғамдық тәртіпті бұзатын азаматтар шоғырын анықтауға;

  • ұрланған көлік құралдарының қозғалыс бағытын бақылауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында бұрын сотталған және үйқамақта отырған тұлғаларды бақылау үшін электрондық бақылау білезіктері енгізілді. Сонымен қатар, учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция қызметкерлері бет-әлпетті тану функциясы бар 800 заманауи cмарт-жетонды пайдаланып отыр.

Учаскелік полиция пункттері, мектептер, балабақшалар және өзге де білім беру нысандары онлайн бейнебақылауға алынып, тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін дабыл түймелері жедел басқару орталығына шығарылды. Бұл шаралар балалар мен білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуда. Мобильді жылдамдықты бақылау жүйелерінің саны 20-дан 30 бірлікке дейін арттырылып, "Ekin Patrol" кешенінің 10 бірлігі сатып алынды. Оның бесеуі жасырын бақылауға арналған. Сонымен бірге, шетелдік көлік құралдарының иелерін жол ережелерін бұзған жағдайда анықтау үшін шекара қызметінің дерекқорлары мен әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі біріктірілді.

Жол қозғалысын бақылаудың барлық автоматтандырылған кешендері құқық бұзушыларды жедел анықтап, ұстауға мүмкіндік беретін "Қорғау"жүйесіне біріктірілген.

Қабылданған кешенді шаралар өңірдегі азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттырып, құқықтық тәртіпті нығайтуға оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы одан әрі жетілдірілмек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру