Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында 78 жастағы әке колония қақпасынан қызын қарсы алды

Абай облысында 78 жастағы әке колония қақпасынан қызын қарсы алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысындағы әйелдер колониясында жүрек тебірентерлік, ерекше сәт орын алды. Бұл күні үш сотталған әйел үшін колония қақпасы айқара ашылды. Әрқайсысы бұл күнді асыға күтті. Олардың әрқайсысының тағдыры бөлек, жазасы мен бабы да әртүрлі. Алайда дәл осы күні барлығын біріктірген ортақ нәрсе — бостандық болды. Бұл — еркіндікке шыққан, жаңа өмірге қадам басқан күн еді.

Бостандыққа шыққандардың қатарында Павлодар қаласының 34 жастағы тұрғыны бар. Ол алаяқтық жасағаны үшін төрт жыл жеті ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл жылдар ол үшін үлкен өмірлік сабақ болып, өткеніне басқа көзқараспен қарап, болашағын қайта бағалауға мүмкіндік берді.

Жазасын өтеу барысында ол мекемеде өткізілген барлық іс-шараларға белсенді қатысып, тәртіптілігімен, еңбекқорлығымен және айналасындағыларға құрметпен қарауымен көзге түсті. Түзелу жолына түскенін ісімен дәлелдегені үшін оған шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылды.

Колония қақпасының алдында оны 78 жастағы әкесі толқыныс пен ыстық құшақ жая қарсы алды. Қарт әке барлық осы жылдар бойы қызын үмітпен, жақсы болашаққа сеніммен күткен. Жасына және денсаулығына қарамастан, ол қызын қолдауды бір сәтке де тоқтатпаған — хат жазып, сирек болса да телефон арқылы сөйлесіп, үнемі дұға еткен. Ұзақ жылдарғы айырылысу мен сирек байланыс екеуі үшін де ауыр сынақ болды. Ал бүгінгі күн — сол жылдар бойы жиналған сағыныш пен сезімдердің көз жасымен, үнсіз құшақпен сыртқа шыққан ерекше сәтке айналды.

— Менің жасыма келіп қалғаныма қарамастан, әлі тұрмыс құрмадым, балам жоқ. Жақындарымнан тек ата-анам ғана бар, кезінде оларды қатты ренжіттім. Әкеме — 78, анама — 75 жас. Осы уақыттың бәрінде дәл солар маған ертеңге деген үміт сыйлады. Енді өмірімді таза парақтан бастап, отбасы құрып, аналық бақытты сезінгім келеді. Қоғамға да, ата-анама да пайдалы, адал өмір сүргім келеді, — деп бөлісті бостандыққа шыққан әйел.

— Мен бұл күнге жеткеніме әлі де сене алар емеспін. Қызым осында отырған кезде оны бостандықта көрмей кетем бе деген қорқынышпен өмір сүрдім. Жасым келген адаммын, денсаулығым да сыр беріп жүр. Бірақ бір күні қызым үйге оралады деген үміт маған да, жұбайыма да өмір сүруге күш берді. Ол — біздің жалғыз қызымыз. Ата-ананы да, баланы да таңдап алмайсың. Біз қызымызды жақсы көреміз және қандай жағдай болса да қолдаймыз, — деді әкесі.

— Қызметім барысында көптеген әйелдің бостандыққа шыққан сәтіне куә болдым. Туған-туыстарымен қауышу, еркіндіктің алғашқы қадамдары — мұның бәрі босатудың жай ғана рәсім емес екенін көрсетеді. Бұл — жаңа өмірге жол ашатын, адамға үміт пен сенім сыйлайтын ерекше сәт, — деді мекеменің арнайы есеп бөлімінің бастығы Светлана Голикова.

Осындай сәттер түзеу мекемелерінің басты мақсаты — адамның өз қателігін түсініп, қоғам өміріне қайта бейімделуіне көмектесу екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бостандыққа шыққан әрбір адам үшін бұл — жаңа өмірдің бастау нүктесі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру