Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полиция құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтті

Жамбыл облысында мектеп бітіру кештері мен жазғы демалыс қарсаңында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы мақсатта облыстағы барлық мектептерде полиция департаменті қызмет бөліністері басшыларының қатысуымен жалпы мектептік және сыныптық ата-аналар жиналыстары өткізілуде.

Кездесулер барысында олар ата-аналарға жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың алкогольдік және темекі өнімдерін пайдалануына жол бермеу шараларын түсіндіруде.

Профилактикалық жұмыстармен қатар тиісті шаралар да қабылдануда. Мәселен, полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысының нәтижесінде балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 735 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 33 ата-ана құқықтарынан айырылды немесе шектелді.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерлерде және ойын-сауық орындарында жүруіне байланысты 4180 заңды өкіл мен 142 ойын-сауық мекемесінің иесі жауапкершілікке тартылды.

Жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын бақылау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Мектеп бітіру іс-шараларын өткізуге байланысты полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзуға, автокортеж ұйымдастыруға, пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді.

Полиция, ата-аналар және педагогтердің ортақ міндеті — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру