Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ісіне адал нәзік жанды полицей

Ісіне адал нәзік жанды полицей қызметінің қыр-сырымен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Шемонаиха ауданы ПБ тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Марьям Садвакасова — өз өмірін заңдылықты сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арнаған білікті маман.

Еңбек жолын 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық сотында сот отырысының маманы қызметінен бастаған. Аталған салада қызмет атқара жүріп, құқық қолдану тәжірибесі мен кәсіби білімін жетілдіріп, мол тәжірибе жинақтады.

Білімі мен үнемі ізденісі оның кәсіби қалыптасуына берік негіз болды. 1998–2000 жылдары Шығыс Қазақстан колледжінде “Құқықтану” мамандығы бойынша білім алған. 2000–2003 жылдары Алматы қаласының Орталық Азия университетін “Юриспруденция” мамандығы бойынша тәмамдаған. 2004–2007 жылдары Шәкәрім атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша жоғары білім алған. Қазіргі таңда кәсіби білімін жетілдіру мақсатында Мәскеу қаласындағы Заманауи Ресей университетінің магистратурасында “Педагогика және психология” бағыты бойынша білім алуда.

2005 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Қызмет барысында өзін жауапкершілігі жоғары, кәсіби білікті, принципшіл және өз ісіне адал қызметкер ретінде көрсете білді. Тергеуші қызметінен бастап, табандылығы мен кәсібилігінің арқасында бүгінде Шемонаиха ауданы полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі лауазымын атқаруда.

Қызметінде әрдайым әділдік танытып, азаматтарға құрметпен қарап, әр іске мұқияттылықпен қарайды. Құқықтық сауаттылығы жоғары, аналитикалық ойлау қабілеті қалыптасқан және күрделі жағдайларда салмақты шешім қабылдай біледі. Әріптестері мен басшылық арасында зор беделге ие.

Марьям Магауяновна үшін полиция қызметі — жай ғана мамандық емес, әділдік пен заңдылықты қорғауға бағытталған өмірлік ұстаным. Қоғамдық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі мен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін бірнеше мәрте басшылық тарапынан марапатталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру